ДАУМОВ НҰРЛЫБЕК ҒИЛАЖҰЛЫ
Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның
негізін салушы директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Педагогика ҒылымдарыАкадемиясының академигі.
Даумов Нұрлыбек Ғилажұлы 1958 жылы 3 қыркүйекте Атырау облысының Құрманғазы ауданы, Котяевка селосында қарапайым отбасында дүниеге келді. Абай атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін, Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне түсіп, химия-биология мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1978-1981 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтеді. 1979 жылы ССРО бокстан спорт шебері атағын әскер қатарында жүріп қорғады. 1981-1989 жылдары – Атырау облыстық балалар спорт мектебінің жаттықтырушысы, кейін сол спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. 1989-1990 жылдары Атырау қаласындағы №16 мектептің директоры болып қызмет атқарды.
Даумов Нұрлыбек Ғилажұлы облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар гимназияда 1990-1991 оқу жылынан бері мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Даумов Нұрлыбек – осы гимназияның негізін салушы, заман талабына сай дарынды шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеудің жолдарын таңдай білуде үлкен тәжірибе жинақтаған мектеп басшысы.
Нұрлыбек Ғилажұлы гимназия басшысы қызметін атқара жүріп, ұжым мүшелерінің жан-жақты ізденіп, шығармашылықпен жұмыс жасауына ықпал ете білді. Жаңа технология жетістіктерін пайдалануды өзінен де, өзгеден де талап ете білетін жаңашыл ұстаз ретінде өзін танытты. Соның нәтижесінде гимназия ұжымы оқу-тәрбие үрдісінің қорытындысы бойынша облыстық, республикалық мектептердің үнемі алдыңғы қатарында келеді.
ҰБТ қорытындысы бойынша жылма-жыл республикадағы ең үздік 100 мектептің қатарынан көрінуде.
Атап айтқанда, 2010-2011 оқу жылындағы ҰБТ қорытындысы бойынша, гимназия шәкірттерінің орта балы 110,4 болып, республика бойынша үздік нәтиже көрсеткен мектептердің бірі болды. Облыс бойынша 3 оқушы 125 балл жинаса, соның үшеуі де – осы гимназияның шәкірттері.
2015-2016 оқу жылының соңында гимназияның оқушылары ҰБТ нәтижелері бойынша облыста да үздік нәтиже көрсетті. Гимназия оқушыларының орташа балы – 101, облыс бойынша – 1 орын. 7 оқушы «Алтын белгіден», 1 оқушы арнайы сертификат үшін өз білімдерін дәлелдеді. Халықаралық ғылыми жобалар конкурсының жеті лауреаты ҰБТ-дан босатылып, сертификатпен марапатталды.
2017 жылдан 2020 жылға дейінгі уақытта ұлттық гимназияның 16 оқушысы «Алтын белгі», 10 оқушысы «Үздік аттестат» иегері атанды.
2019-2020 оқу жылындағы ҰБТ нәтижелері бойынша оқушылардың орташа балы 97,7 болып, гимназияның 19 оқушысы 100-ден жоғары балл жинады, екі оқушы жоғары балл – 119 балл жинады: Сисембаева Фариза, Бақытжан Арайлым.
2019-2020 оқу жылында Анталия қаласындағы Халықаралық олимпиаданың нәтижелері бойынша ұлттық гимназияның оқушылары химия, география, ағылшын тілі, әлем тарихы бойынша 1, 2 және 3 орындарды иеленді: Бұлар Бағытжанов Қалмұхаммед, Смагулова Ақсауле, Кәрім Ақнұр, Жақсығали Альфия, Абзалқызы Гүлназ, Шораева Айназ, Иманғалиев Алихан, Қали Әлия, Мұхамбетов Нұртас, Тұрсынбаева Диана.
2015-2016 оқу жылында 15 оқушы облыстық, 3 оқушы республикалық, 7 оқушы халықаралық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары атанды.
Нұрлыбек Гилажұлы мұғалімдердің кәсіби өсуіне ақыл – кеңестерін аямай, шығармашылық ізденістері мен жетістіктерін жоғары бағалайды, дарынды балалармен жұмысты жақсартуға мүмкіндік жасайды.
2005 жылы гимназияның барлық профессорлық-оқытушылық құрамы мен оқушыларының жетістіктерінің нәтижесінде ұжым Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының ұжымдық мүшесі атағына ие болды. Дарынды оқушыларды оқыту мен тәрбиелеу процесін ғылыммен байланыстыратын Нұрлыбек Гилажұлы әрдайым әріптестерімен тәжірибе алмасып келеді.
2009 жылы Республикалық ғылыми-практикалық орталық «Дарынды балаларға арналған талантты мұғалім» республикалық педагогикалық олимпиада өткізді, онда команда «Үздік жаңашыл мектеп» және «Үздік жаңашыл мұғалім» атағына ие болды.
2014 және 2015 жылдары Халықаралық ұлттық рейтинг орталығының зерттеу нәтижелері бойынша Атырау облыстық ұлттық гимназиясы «Аймақтық көшбасшы-2014», «Аймақтық көшбасшы-2015» атағына ие болды.
Жыл сайын облыстық ұлттық гимназияның мұғалімдері, облыстық, республикалық,халықаралық деңгейдегі семинарларға, конференцияларға қатысу арқылы біліктіліктерін арттырады.
Оқытушылар құрамын моральдық, психологиялық, әдістемелік қолдау нәтижесінде 2015-2016 оқу жылында гимназия мұғалімдері Тәжіғалиева Б., Зулкашева А., Сапиева А., Куандыкова Э., Аккайнанова Н., Байдешева Г., Жолдасбаева А., Умбеталиева С. Мухаден Н., Бекмамбетова Э. түрлі облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары болды. Гимназия мұғалімдерінің көпшілігі республикалық қашықтық олимпиадаларына да белсенді қатысып, жеңімпаз атанып келеді.Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын Республикалық «Үздік педагог» конкурсына қатысқан ұстаздар Тәжіғалиева Б., Аққайнанова Н., Қуандықова Э., Зулкашева А. әр жылдары «Үздік педагог» атағының иегерлері атанды. Гимназияның өсу, даму рейтингіне айтарлықтай үлес қосқаны үшін Атырау облысының Білім беру басқармасы гимназияның 19 мұғалімін «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Химия пәнінің мұғалімі Тажіғалиева Бақыт Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Дармуканова Аягөз, Бекмамбетова Эльмира Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Мектеп басшысы ретінде Нұрлыбек Гилажұлы 1993 жылдан бастап ғылыми зерттеулермен айналысады. Педагогикалық қызметтен қол үзбей жүріп, 2000 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Республикалық Қазақ білім академиясының аспирантурасын сырттай бітірді.
1992 – 2013 жж. аралығында 65 ғылыми мақала және 9 ғылыми еңбек жарияланды. Оның ішінде – «Бейорганикалық химия бойынша тестілер жинағы», бұл мұғалімдерге оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау жұмыстарын ұйымдастыруда үлкен әдістемелік көмек болды.
2006 жылы IV Республикалық инновациялық педагогикалық идеялар фестиваліне қатысқаннан кейін «Үздік директор» атағына ие болды.
2003 жылы Нұрлыбек Гилажұлы «Білім беруді ақпараттандыру процесінде оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметін дамыту» тақырыбында диссертацияны сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағына ие болды. 2011 жылы Жоғарғы комиссияның шешімімен оған доцент атағы берілді. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды.
Нұрлыбек Гилажұлының бұл еңбегі өзі басқарып отырған облыстық ұлттық гимназияның педагогикалық ұжымы, ұстаздар қауымының үлкен қолдауының нәтижесінде бағындырылды. Бұл еңбек гимназия ұстаздарының ғылыми-зерттеу жұмыстарына серпін, оқушылардың ғылыми-ізденіс жұмыстарына, республикалық ғылыми жоба жарыстарына дайындыққа бағыт болды. Нәтижесінде гимназияның оқушылары бірнеше рет республикалық, халықаралық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары атанды.
Марапаттары
Қазақстан Республикасы Спорт комитетінің «Құрмет грамотасы» (1985), Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» (1991, 1994, 1996), облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасы» (1999, 2004), «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы» төсбелгісі (2005), «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі (2005), «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі (2011), Республикалық «Дарын» мектептері арасында «Үздік оқытушы» атағының иегері (2009), «Үздік директор»(2003), «Үздік оқытушы-2013» (2013), «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі (2018), «Құрмет» ордені (2015).
1994-1999 жылдары Нұрлыбек Гилажұлы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Тынымсыз еңбегі үшін Нұрлыбек Гилажұлы басқа да көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Сол жылы Атырау облысы облыстық мәслихатының сессиясында Даумов Нұрлыбек Ғилажұлына Атырау облысы Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
2018 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның дарынды оқушыларын оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі жетістіктері үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 20 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгімен марапатталды.
2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Қазақстан Республикасындағы ерекше мемлекеттік қызметі үшін 2019 жылы «Алтын Қыран» орденімен марапатталды.
Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін 2019 жылғы желтоқсанда Атырау облысы мәслихатының 25 жылдығына арналған медалімен марапатталды.
Даумов Нұрлыбек Гилажұлы 2019 жылы Нұр-Сұлтанға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, «Нұр Отан» партиясының төрағасы
Н.А. Назарбаев партияның бағдарламалық мақсаттарын іске асыруға белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ Тәуелсіздік күні және партияның 20 жылдығы қарсаңында «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
2020 жылғы қаңтарда халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Бішкек қаласы «Алғыс хатпен», «Әлем планетасы – бейбітшілік әлемі» белгісімен марапаттады.
Авторлық енбектері
1. «Тәуелсіздік тарту еткен ұлттық білім ордасы» – 300 бет, 2021жыл, Ақтөбе;
2. «Ұлттық сананы жаңғырту: зияткер ұрпақты дамытудың ғылыми әдістемелік мәселелері» – 319 бет, 2018жыл, Атырау;
3. «Қазақ халқының тағылымдық мұралары» -216 бет, 2018жыл, Ақтөбе;
4. «Педагогикалық менеджменттегі корпоративтік мәдениет» – 252 бет, 2016жыл, Алматы;
5. «Органикалық химиядан тест жинағы» – 315 бет, 2013жыл, Алматы,
6. «Бейорганикалық химиядан тест жинағы» – 318 бет, 2013жыл, Алматы;
7. «Этнопедагогика пәні бойынша лекциялар жинағы. Оқу құралы» – 84 бет, 2009жыл, Атырау;
8. «Жас зерттеуші тұлғасын қалыптастыруда жаңа ақпараттық-коммуникаіиялық технологиялар әдістемесі» – 216 бет, 2004жыл, Ақтөбе;
9. «Оқытуды ақпараттандыру процесінде оқушылардың зерттеу қызметін дамыту. Оқу құрал» – 63 бет, 2002жыл, Алматы;
10. «Атырау ұлттық гимназиясы: бүгінгі мен болашағы» – 101 бет, 1993жыл, Атырау